ҚР Индустрия және сауда министрлігі:
ҚР Индустрия және сауда министрлігінде ҚР Президенті Әкімшілігінің және ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің өкілдері қатысқан, Президенттің Қазақстан халқына жолдауын талқылауға және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі шараларды әзірлеуге арналған кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті.
Ел Президенті Үкімет алдына жаңа міндеттер қоя отырып, таяу жылдары үдемелі индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту есебінен экономиканың орнықты өсіміне қол жеткізу қажеттігін атап көрсетті. ҮИИДБ экономика саласындағы негізгі құжат - Қазақстанның 10 - жылдық стратегиясының бірінші индустриялық жоспары болып табылады.
Осыған байланысты, ҚР Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын қысқа мерзімде бекіту қажеттігін айтты. Оның ішінде - Министрлік жетекшілік ететін салаларда салалық мастер-жоспарларды әзірлеуді аяқтау; «Индустриялық саясат туралы» заң жобасын әзірлеу; әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды өңірлерге беру және қазақстандық қамтуды ұлғайту шеңберінде нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді жалғастыру, әрі «Қазақстандық қамту» Интернет-порталын толтыруды қамтамасыз ету керек.
Алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша Министр ҮИИД бағдарламасын іске асыру шеңберінде жұмыс жоспарын әзірлеуге және Кеден одағына кіруді ақпараттық қамтамасыз етуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.